National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен ұлт ұстазы, «Алаш» қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста мемлекеттік органдардың басшылары мерейтой аясында атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу, ағартушылық, мәдени-бұқаралық бағыттағы жұмыстар жайында баяндады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығы тағайындалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция өткенін, онда «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде) кітабының тұсауы кесілгенін айтты. Бұдан бөлек биыл ТҮРКСОЙ ұйымы халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен зерттеушілерге жыл сайын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі тағайындағанын және Алматы қаласында ұлт ұстазының ескерткіші ашылатынын жеткізді.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қайраткерлігіне арналған «Соңғы үкім» киножобасының түсірілімі жыл аяғына дейін аяқталатынын, желтоқсан айында мерейтойға арналған республикалық айтыс өткізілетінін атап өтті.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Торғай өңірінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылғанын, Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайына абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Отырысты қорытындылай келе, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға бағытталған іс-шараларды жыл соңына дейін жоғары деңгейде өткізу қажет екеніне тоқталды. Сондай-ақ Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін ұйымдастыруды, ұлт ұстазының 12 томдық шығармаларының жинағын шығаруды, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін дайындау жұмыстарын  жүргізуді тапсырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару