Жаңалықтар

9 маусым 2006
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесінің 15-ші жалпы отырысында ірі трансұлттық компаниялардың басшылары еліміздегі инвестициялық ахуалға және Қазақстанның мемлекеттік аппарт жұмысының ашықтығына жол ашу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі күш-жігеріне баға берді.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер Қазақстанда «Самұрық» және «Қазына» тәрізді холдингтердің құрылуының маңыздылығына тоқталып, мұны өз уақытындағы және батыл қадам деп атап көрсетті.

 

-Біз Қазақстанда қабылданған бұл шешімді дер кезінде әрі батыл шешім деп санаймыз. Мен мұны мемлекеттің нақты холдингтік компанияларды құрудағы мүдделерін алға жылжытудың барынша тиімді құралы деп есептеймін, - деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер баспасөз мәслихатында.

 

«Эни» концернінің барлау және өндіру жөніндегі бас өндірістік директоры Стефан Као өз сөзінде Қазақстанның соңғы жылдары ашықтыққа жол ашу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары арқылы кең танылып келе жатқанын жеткізді.

 

 «Тоталь» компаниясының вице-президенті Кристоф де Маржери өз баяндамасында Қазақстанның өнеркәсіптің өндіруші салалары қызметіндегі мөлдірлікті арттыру жөніндегі бастамалар туралы Меморандумға қосылуының маңыздылығы жөнінде әңгімеледі.

 

 

ABN AMRO Bank N.V. атқарушы директоры, мұнай-газ басқармасының бастығы Франк Клайларс өз сөзінде Қазақстанның одан әрі экономикалық дамуы үшін Ұлттық қордың құрылуы мен қызмет етуінің маңыздылығын атап өтті.

 

– Мен өз сөзіме табиғи ресурстарды игеру саласындағы жемқорлықпен күрес мәселесін арқау етіп алдым. Бұл экономиканың басқа саласы үшін де сабақ болар еді. Халықаралық тәжірибе мынаны көрсетеді: пайдалы қазбалы байлық өндіруге негізделген өтпелі экономикасы бар ел үшін қоршаған ортаны қорғау, қаржылық мөлдірлік және жауапкершілікті күшейту айрықша маңызды. Міне, сондықтан да жаһандық институттар, бағалы қағаздар рыногы, ірі өнеркәсіптік компаниялар мен азаматтық қоғамдар Қазақстанның өндіруші өнеркәсібіндегі осындай мәселелердің бәрін мойындап, оған ерекше назар аударады. Қазақстан сол мәселелерді шешу мүмкіндіктерін жан-жақты жүзеге асыра отырып, өз байлығын толық игере алады. Өз кезегінде АВN AMRO  Қазақстанға халықаралық стандарттарды толық пайдалану жолындағы қадамдарына барынша қолдау көрсетуге мүдделі және жауапкершілікті сезінеді, – деді ол.

 

 

«Дойче Банк А.Г.» директорлар кеңесінің мүшесі  Тесен фон Хайдебрек Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар одан әрі экономикалық өрлеу мен шет елдік инвестициялар ағынын арттыруға мүмкіндік туғызатынын жеткізді.

 

 

Өз кезектерінде «Джей Пи Морган Европа» компаниясы төрағасының орынбасары Лорд Робин Ренвик Қазақстан қор биржасының даму маңыздылығына тоқталса, «Би Джи Групп» компаниясының вице-президенті Марка Карн  Қазақстан басшылығы елде ашықтық дәрежесі мен шет елді инвестициялар деңгейі арасында өзара оң байланыс орнықтырғанын мақтаныш ету керек, деді.

 

 

 «Шеврон» корпорациясының атқарушы бас директоры Дж.Киркланд  Қазақстанның өңірде ашықтықты кеңейту жөніндегі бастаманы алға жетелеушілік рөлін тілге тиек етті.

 

 

Еуразиялық өнеркәсіптік ассоциациясының президенті Александр Машкевич пен «ЛукОйл» ААҚ президенті Вагит Алекперов Кеңесте қаралған мәселелер Қазақстан экономикасының одан әрі дамып, инвестициялық тартымдылығын арттыра түсіретініне сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар