Жаңалықтар

16 маусым 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІ саммитіне қатысу үшін Алматыға келген делегациялар басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Бан Ки Мунды қабылдады. Кездесу кезінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

 
- Біз елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері және ынтымақтастықты дамытудың келешегі жөнінде пікір алмастық. Алдағы саммитте біздің еліміз АӨСШК-тің толық құқылы 18-ші мүшесі болмақ. Бұл біз үшін үлкен құрмет. Корея Республикасы Азиядағы бейбітшілік пен берекелі тірлік үшін аталған форумның мақсаттары мен міндеттеріне қолдау көрсетіп, жүзеге асыратын болады, - деді Бан Ки Мун журналистерге арналған брифингте.

 
Ол сондай-ақ түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың оң серпінді дамып келе жатқандығын атап өтті.

 
- Біздің елдеріміз 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сол кезден бері біз экономика, сауда және гуманитарлық салаларда үлкен табыстарға қол жеткіздік. 2003 жылдың қарашасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына сапармен келді. 2004 жылдың қыркүйегінде біздің Президентіміз сіздердің елдеріңізге ресми сапар жасады. Осыған орай, біздің қарым-қатынастарымыз қарышты дамуда. Қазақстанда корей кәсіпкерлері мен компаниялары өз бизнестерін жүргізуде. Кореяның Қазақстанға салған инвестициясының көлемі 2 миллиард доллардан асып түсті. Біздің компанияларымыз мұнай-газ, уран өндірісі, құрылыс және басқа да салаларға инвестиция салуда.

 
Қазақстан Президентінің Израиль Мемлекетінің Премьер-Министрі - Негева және Галилеиді дамыту жөніндегі  министрі Шимон Переспен кездесуінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және өңірдегі ахуал жөніндегі мәселелер талқыланды.

 
- Мені Қазақстанда жүзеге асырылған ілгері істер таңдандырды. Мемлекет өте жедел дамуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Алматыда болған едім және қазір сол кезден бері болған үлкен өзгерістерді көріп отырмын, - деді Шимон Перес журналистерге арналған брифингте.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Палестинаны Азат ету Ұйымы атқару комитетінің мүшесі Мұхаммед Саад Ахмед Ауданы қабылдады. Келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынастар мен өңірдегі ахуал жөніндегі мәселелер кең ауқымда талқыланды.

 
 - Мен Президент мырзаға бейбітшілікті, тұрақтылық пен өңірдегі ілгері істерді қолдау көрсетуде Қазақстанның күш-жігеріне ризашылығымды білдірдім. Біздің еліміз бен сіздердің елдеріңіз арасында достық рәуіштегі қарым-қатынастар қалыптасқан және біз олардың одан әрі дами беретініне үміттенеміз, - деді Мұхаммед Саад Ахмед Ауда.

 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Абдуллах Гюльмен өткен кездесуінде АӨСШК саммитінің және Қазақстанның "Баку-Тбилиси-Жейһан" мұнай тасымалдау жүйесіне қосылуына орай екі елдің энергетикалық ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.

 

Түркияның сыртқы саясат ведомствасының басшысы Қазақстанның экономикалық табыстарын атап көрсетті.

 

-Қазақстан экономикалық дамуы арқылы өзін бүкіл әлем қауымдастығының назарына іліктірді және Орталық Азия өңіріндегі "жарық жұлдызға" айналды. Ертеңгі саммит біз үшін баға жетпес үлкен маңызға ие,-деп атап өтті ол журналистерге арналған брифингте.

 

А.Гюль Қазақстанның "Баку-Тбилиси-Жейһан" құбыр желісіне қосылуын және Орталық Азия мұнайын Еуропа нарықтарына тасымалдау мүмкіндіктерін "тарихи оқиға" ретінде бағалады. Ол сондай-ақ Түркия басшылығының Нұрсұлтан Назарбаевты үстіміздегі жылғы қарашада өтетін түркітілдес мемлекеттер саммитіне қатысуға шақырғанын еске салды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар