Жаңалықтар

16 маусым 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түстен кейін Алматыда Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевпен кездесті.

Кездесу кезінде мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Келіссөздер қорытындылары бойынша екі ел басшылары Қазақстан мұнайын халықаралық нарыққа Баку-Тбилиси-Жейһан жүйесі арқылы шығару үшін Каспий теңізі мен Әзірбайжан Республикасы арқылы тасымалдауға қолдау көрсету және ықпалдастық жасау жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы шартқа қол қойды.

 
Шартқа қол қою салтанатынан кейін мемлекет басшылары журналистерге арналған бірлескен брифингте сөз сөйледі.

 
- Жаңа ғана қол қойылған Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа Баку-Жейһан құбыр желісі арқылы тасымалдауға ықпалдастық жасау туралы келісімнің маңызы аса зор. Біз өзіміздің көмірсутегімізді іске асыру үшін баламалы үшінші жолға қол жеткіздік. 2030 жылға дейін барлық қажетті терминалдар салынып, біздің мұнайымызды тасымалдау үшін құбыр желісінің қуаттылығы арттырылады. Бұл Келісім тарихи әрі мәдени тамыры көп жерде ортақтасатын біздің халықтардың, яғни екі елдің достық қарым-қатынастары шежіресіндегі маңызды кезеңге айналатын болады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев брифингте.

 
Әзірбайжан Президенті Қазақстан басшысының шақыруына алғыс айтып, қол қойылған құжаттың маңыздылығын атап көрсетті.

 
- Қол қойылған шарт одақтастықтың шынайы үлгісі болып табылатын біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасында қалыптасқан жоғары деңгейдегі қарым-қатынастың айқын дәлеліне айналды. Бұл келісім өңірдің алдағы бірнеше жылдар ішіндегі дамуының даңғыл жолын айқындайды. Қазақстан қосылып отырған құбыр желісінің маңыздылығы аса зор және ол ендігі жерде өңірдегі ірі мұнай жөнелтуші күретамырға айналады, - деді И.Алиев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар